Емшектегі балаларда болатын шаншулар көбінесе 2-3 аптадан басталады және сәби өмірінің 3-4 айына дейін жалғасады. Туғаннан кейінгі 6-шы күні ішек шаншулары қатты ауыртады. Сәби қатты ауырғаннан айқайлайды және жылайды.
Балалардың ішектері шаншуларының негізгі себебі сәбидің ас қорыту жолының әлі толық жетілмеуі болып табылады. 9 ай бойы сәби анасының кіндігі арқылы қоректенген, енді жаңадан туылған сәбидің ішегі жаңаша қызмет атқара бастайды. Шаншулардың себептері дисбактериоз, асқазан сөлінің өңешке түсуі, ана мен сәбидің эмоциялық және психологиялық тұрақсыздығы және сәбидің лактозаны көтере алмауы да болуы мүмкін.
Ішек шаншуларының симптомдары :
- Бала себепсіз айқайлап жылайды. Өмірінің алғашқы үш айында шаншу ұстамасы күніне 3 сағатқа дейін созылуы мүмкін.
- Ұстама бір уақытта, көбінесе кешке басталады.
- Сәби аяқтарын ішіне қарай тартады және арқасын бүкірейтеді.
- Сәбидің іші тырысады және кебеді, беті қызара бастайды.
- Дефекация немесе метеоризмнен кейін бірден, сәби жұбана бастайды
Шаншулардың алдын қалай алуға болады?
- Емізетін ананың диетасын ұстау керек. Сіздің қалай тамақтанатыныз тікелей емшек сүтінің сапасына әсер етеді. Ішекте желдің жиналуына себеп болатын тағамдарды (мысалы, бұршақ, сүт өнімдері, және тұрып пен қырыққабат) артық жемеңіз.
- Баланы төсіңізге қалай жатқызатыныңыздың да маңызы зор. Емізгенде сәби тек емшектің ұшын, үрпін ғана емес ареоласын да аузына салуы керек.
- Емізгенде емшекті жиі ауыстыра бермеңіз, бала ауаны көбірек жұтады да, шаншулар көбейеді.
- Егер бала қолдан тамақтанатын болса, бөтелкедегі емізіктің пішінін дұрыс таңдаңыздар. Ондағы тесік өте үлкен болмауы керек, бала шашалып қалады, не өте кішкентай да болмауы керек, бала көп күш жұмсап, ауаны одан әрі көп жұтып қояды.
- Емізгеннен кейін 10-15 минут баланы тұрып жүріп «тігінен» ұстаңыз.
- Емізгеннен кейін 30-40 минуттен кейін сәбидің ішін сағат тілі бойынша дөңгелек қимылдармен уқалаңыз.
- Уқалағаннан кейін сәбидің аяғын бүгіңіз және оларды ішіне қарай басыңыз. Бұл ішекте жинақталып қалған желдің шығуына көмектеседі.
Шаншу ұстамасы ұстаған кезде сәбиге қалай көмек бересіз?
- Сәбидің ішін сағат тілі бойынша жәйлап уқалаңыз
- Баланы жиі ішімен жатқызыңыз
- Сәбидің ішінің тұсына жылы жаялық қойыңыз, ол тынышталуына көмектеседі
- Өзіңіздің ішкі жағдайыңызға көңіл бөліңіз, ашуланбауға тырысыңыз. Бала анасының жағдайын дәл сезеді де, содан қатты уайымдап көп жылай беруі мүмкін.
- Балалардың ішегінің шаншуларын азайтуға арналған препараттарды емдеуші маманның тағайындауы бойынша ғана қолданыңыз.